Қазақстанда «Отбасылық құндылықтар және Конституция» республикалық отбасылық бейнежобалар байқауы өтуде
Қазақстанда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ ата-аналар мен балалардың құқықтары мен міндеттерін кеңінен түсіндіруге бағытталған «Отбасылық құндылықтар және Конституция» республикалық отбасылық бейнежобалар байқауы өтуде.
Байқаудың мақсаты – отбасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, бала құқықтары мен ата-аналардың жауапкершілігі туралы хабардарлықты арттыруға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жастар мен отбасылардың әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға, сондай-ақ қоғамда заңға құрмет пен құқықтық сананы нығайтуға ықпал ету.
Байқауға отбасылар (ата-аналар мен балалар), жастар, мектеп оқушылары және білім беру ұйымдарының студенттері қатыса алады.
Қатысу үшін байқау тақырыптарының біріне арналған ұзақтығы 1–3 минут болатын қысқа бейнеролик түсіріп, оны TikTok немесе Instagram әлеуметтік желілерінде жариялап, #ОтбасыжәнеЗаң хэштегін көрсету қажет.
Қатысушыларға бала құқықтары және оларды қорғау, ата-аналардың жауапкершілігі, отбасындағы өзара қарым-қатынас мәдениеті, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі, сондай-ақ қауіпсіз өмірдің негізі ретінде заңды білу тақырыптарын ашу ұсынылады.
Байқау жұмыстарын бағалау кезінде қазылар алқасы ұсынылған тақырыпқа сәйкестігін, мазмұнының өзектілігін, идеясының бірегейлігін, құқықтық ақпараттың дұрыстығын, көркемдік орындалу деңгейін, сондай-ақ материалдың әлеуметтік маңыздылығы мен қалың көпшілікке қолжетімділігін ескереді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік бейнероликтер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен таратылып, сондай-ақ Ata-ana.kz және Tatulyq.kz ақпараттық платформаларында орналастырылады. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады.

