Отбасы деструкцияға қарсы: рухани құндылықтар баланы қалай қорғайды

Фото Gaukhar-Yerk

Деструкция – бүлінуге, бұзылуға бағытталған үдеріс. Бұл ұғым жеке тұлғаның бұзылуын да, жалпы қоғамның іргесінің шайқалуын да қамтиды. Оның физикалық немесе эмоционалдық сипатта болуы маңызды емес. Деструктивті идеология орныққан құндылықтарға, адамгершілік пен мораль негіздеріне, бірлік пен келісімге нұқсан келтіреді. Адамзат тарихында деструктивті идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру әрдайым маңызды міндеттердің бірі болды. Қоғам теріс ықпалдарға қарсы тұру үшін жасампаз дүниетанымды сақтайтын және нығайтатын рухани құндылықтарды қалыптастырды.

Қазіргі заманда түрлі арандатушылықтар мен сын-қатерлер көбейіп, материалдық мүдделер алдыңғы орынға шығып, деструктивті идеялардың таралу қаупі сақталып отырған жағдайда рухани құндылықтарды тәрбиелеу ерекше өзектілікке ие. Рухани құндылықтар – адамның әлемдегі өз орнын табуына, өзі және айналасындағы адамдар үшін қабылдаған шешімдерінің жауапкершілігін түсінуіне көмектесетін өмірлік бағдарлар. Рухани құндылықтар мейірімділік пен адалдық, құрмет пен жанашырлық, сүйіспеншілік пен әділдік сияқты ұғымдардан тұрады. Дәл осы қасиеттер адамның ішкі дүниесін, моральдық ұстанымдарын қалыптастырып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

Ал деструктивті мінез-құлық, керісінше, агрессия, буллинг пен түрлі тәуелділіктерден бастап, бүкіл қоғамға қауіп төндіретін радикалды және заңға қайшы әрекеттерге дейін әртүрлі түрде көрініс табуы мүмкін. Деструктивті идеологияның алдын алуға азаматтық қоғамның барлық институттары қатысады. Балаларға білім беру және оларды ағарту, олардың қауіпсіздығы мен қорғалуын қамтамасыз ету, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру, патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру – баршамызға ортақ міндет. Деструкцияның алдын алуда қоғамның аса маңызды институттарының бірі – отбасы.

Отбасы – қоғамның негізі. Адамды өмір бойы жетелейтін рухани құндылықтардың алғашқы негіздері дәл осы отбасында қаланады. Отбасында рухани құндылықтарды қалыптастыру – тәрбие, қарым-қатынас және дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді қамтитын күрделі әрі көпқырлы үдеріс. Ашық әрі сенімді қарым-қатынас баланың өзін қауіпсіз сезінуіне, өз ойы мен сезімдерін еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Балалар ата-анасының мінез-құлқын бақылау арқылы олардың бойындағы қасиеттерді қабылдап, оларды өз өмірінде қолдануды үйренеді.

Деструктивті идеологияның алдын алуда отбасындағы сенім ерекше рөл атқарады. Көп жағдайда деструктивті насихат құндылықтарды алмастырып, шынайы жағдайды және дәстүрлі ұстанымдарды бұрмалайды, отбасының рөлін төмендетіп, баланың ортасын өзгертуге және оның өмірінде жаңа беделді тұлға қалыптастыруға ұмтылады. Мұндай ықпал етушілер баланың құрдастары да, белгілі бір мақсатты көздейтін ересектер де болуы мүмкін.

Сондықтан баланың жақын ортасына – достары мен отбасы мүшелеріне ғана емес, оның үнемі араласатын және пікіріне құлақ асатын адамдарына да назар аудару өте маңызды. Олардың қатарында мұғалімдер, жаттықтырушылар мен тәлімгерлер бар. Бұл адамдар ата-анамен бірге баланың рухани құндылықтарын қалыптастыруға көмектесіп, отбасында берілген дұрыс ұстанымдарды нығайта алады. Сонымен бірге олардың балаға кері әсер ету қаупі де жоқ емес. Қосымша шығармашылық немесе спорттық сабақтар барысында балалардың тәлімгерлер немесе топ мүшелері тарапынан қылмыстық немесе жалған діни топтарға тартылған жағдайлары да кездеседі. Егер мұндай әрекеттер бастапқы кезеңде анықталмаса және бала ата-анасымен өзіне болып жатқан жағдайды ашық талқылай алмаса, ол деструктивті идеологияның ықпалына түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда баланы қалыпты ортаға қайтару отбасы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін күрделі міндетке айналады.

Мәдени және рухани дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу де құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Отбасылық салт-дәстүрлермен, мерекелермен және өз әулетінің тарихымен танысу баланың бойында отбасына деген мақтаныш пен оған тиесілілік сезімін қалыптастырады. Бұл өз кезегінде мәдениет пен дәстүрге құрметпен қарауға тәрбиелейді және рухани дамудың маңызды бөлігі болып саналады. Сонымен қатар тәрбиенің бұл бағыты баланы дәстүрлік, этностық немесе діни айырмашылықтарға байланысты өзгелерге қарсы қоюға емес, керісінше, айналасындағы адамдармен өзара әрекет етуге, өзгені құрметтеуге және әлемді жақсартуға үйретуі тиіс.

Ата-аналар балаларының нені көріп, нені тыңдайтынына, неге қызығатынына, кімдермен араласып, кіммен өз білімі мен эмоциясын бөлісетініне назар аударуы қажет. Ең бастысы – осының барлығын баламен ашық талқылау. Ақпаратты түсіндіру және оны сыни тұрғыдан бірге талдау балалардың өз бетінше ойлау қабілетін дамытып, тұрақты құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі.

Құндылықтар өздігінен қалыптаспайды. Олар адам өмірінің ең алғашқы кезеңінде егілген дән секілді. Оны отбасы мейіріммен, сеніммен, дұрыс тәрбие және жеке үлгімен өсіреді. Сол кезде ғана бұл құндылықтар адамның бүкіл өмір жолында игі жемісін береді.

Пікір қалдыру