Тоқаев педагогтерді аттестаттаудан өткізу талаптарын оңтайландыруды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында педагогтерді аттестаттаудан өткізу талаптарын оңтайландыруды тапсырғанын мәлімдеді.
«Белгілі болғандай, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету мақсатында «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы құрылды. Алайда бұл ұйымның қызметі көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, маған мұғалімдерден аттестаттау ережелерін қайта қарау туралы көптеген өтініш түсіп жатыр. Педагогтер шамадан тыс жүктеме мен бюрократиялық әуре-сарсаңның көптігін атап өтуде», – деді Тоқаев.
Ол педагогтерді аттестаттаудан өткізу талаптарын оңтайландыру және жетілдіру жөнінде тапсырма бергенін хабарлады.
«Бізге барынша түсінікті әрі ашық жүйе қажет. Бұл – аса маңызды мәселе, оны қарастыру жоғары жауапкершілік пен айрықша кәсібилікті талап етеді. Бейінді министрлік бұл мәселені зерделеп, қысқа мерзімде нақты бастамалар ұсынуы тиіс», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар ол біліктілікті арттыру бағдарламаларына жаңа Конституцияда бекітілген құндылық бағдарларын, сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» тұжырымдамаларының идеяларын енгізуді ұсынды.
«Бұл міндет кәсіби міндет ретінде қарастырылуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол педагогтерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептерден, аттестаттаудан өту жөніндегі орынсыз талаптардан және басқа да пайдасыз тексеру рәсімдерінен арылту қажеттігін тағы да еске салды. Тоқаев мұғалімдердің оқу процесіне тікелей қатысы жоқ жөндеу жұмыстарына және түрлі қоғамдық іс-шараларға тартылатынына шағымданатынын атап өтті.
«Біз бұған жол беруге болмайтынын бұрыннан айтып келеміз. Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктердің басқармалары, ең алдымен, нормативтік-құқықтық және реттеуші базаны жетілдірумен, тиімді оқу процесін қалыптастырумен айналысып, білім беру бағдарламаларын мұқият талдауы тиіс», – деді Президент.

