Отбасындағы дағдарыс: қарым-қатынасты қалай сақтап, қиын жағдайдан шығуға болады?

Әр отбасының өмірінде қиын кезеңдер кездеседі. Кейде үйреншікті өмір санаулы күннің ішінде өзгеріп кетуі мүмкін: ерлі-зайыптылардың бірі жұмысынан айырылады, қаржылық міндеттемелер көбейеді, жақын адамның денсаулығы нашарлайды немесе ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас шиеленіседі. Бұрын болмашы болып көрінген мәселелер енді ашуға, ренішке және жанжалға себеп бола бастайды.

Алайда отбасылық дағдарыс міндетті түрде қарым-қатынастың бұзылуын білдірмейді. Көп жағдайда бұл кезең қалыптасқан әдеттерді қайта қарауға, жауапкершілікті бөлісуге және өзара түсіністіктің жаңа жолдарын табуға мүмкіндік береді.

Неліктен қиын кезеңде отбасылық қарым-қатынас нашарлайды?

Адам ұзақ уақыт күйзелісте жүргенде оның эмоционалдық ресурстары сарқыла бастайды. Мұндай жағдайда сабыр сақтау, жақындарын мұқият тыңдау және күнделікті жағдайларға байыппен қарау қиындай түседі.

Мысалы, қаржылық қиындықтар ерлі-зайыптылардың бір-бірін дұрыс шешім қабылдамады деп кінәлауына әкелуі мүмкін. Мәселені бірлесіп шешудің орнына өзара өкпе мен наразылық көбейеді.

Мұндай жағдайларды балалар әсіресе ауыр қабылдайды. Олар отбасындағы шиеленістің себебін толық түсінбеуі мүмкін, бірақ ата-анасының мінез-құлқындағы өзгерістерді сезеді. Ересектер қиындықтарын жасыруға тырысқан күннің өзінде бала олардың алаңдаушылығын, ашушаңдығын және эмоционалдық алшақтығын байқайды.

Сондықтан қиын кезеңде отбасының басты міндеті — кінәліні іздеу емес, мәселені шешу үшін күш біріктіру екенін ұмытпаған жөн.

Мәселені жасыру емес, ашық сөйлесу маңызды

Жиі кездесетін қателіктердің бірі — күрделі тақырыптарды талқылаудан қашу. Кейде ерлі-зайыптылар үндемеген дұрыс, сонда жанжал ушықпайды деп ойлайды. Алайда айтылмаған реніш пен уайым уақыт өте келе жинала береді.

Психологтер маңызды мәселелерді екі тарап та сабырлы кезде талқылауға кеңес береді.

Бір-бірін кінәлаудың орнына өз сезімдері мен қажеттіліктері туралы айтқан пайдалы. Мысалы, «Сен маған ешқашан көмектеспейсің» деудің орнына «Қазір бәріне жалғыз үлгеру маған қиын болып жүр, сенің қолдауың қажет» деп айтуға болады.

Мұндай тәсіл қарсы тараптың қорғаныс реакциясын азайтып, сындарлы диалог орнатуға көмектеседі.

Сонымен қатар тыңдай білудің де маңызы зор. Кейде адамға мәселенің бірден шешілгенінен гөрі, ішіндегі ойын айтып, өзін түсінетін жанның барын сезіну маңыздырақ.

Ересектердің мәселесін балаларға жүктемеңіз

Отбасындағы қиындықтар кезінде ата-аналар балаларын өз уайымдарына байқамай араластырып жіберуі мүмкін. Мысалы, қаржылық қарыздарды талқылау, жұбайының үстінен шағымдану немесе баладан жанжалда бір тарапты қолдауды сұрау кездеседі.

Мұндай эмоционалдық жүктеме бала үшін тым ауыр болуы мүмкін.

Балалар отбасында белгілі бір қиындықтар бар екенін біле алады, бірақ берілетін ақпарат олардың жасына сай болуы тиіс. Ең бастысы, ересектердің мәселесін шешу жауапкершілігі ересектердің өздеріне тиесілі екенін түсіндіру қажет.

Дағдарыс кезеңінде де отбасылық дәстүрлерді сақтауға тырысқан жөн: бірге кешкі ас ішу, серуендеу, ұйықтар алдында әңгімелесу. Осындай қарапайым әрекеттер баланың өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінуіне көмектеседі.

Үлкен өзгерістерге бастайтын шағын қадамдар

Мәселелер көбейген сайын адам тығырықтан шығатын жол жоқтай сезінуі мүмкін. Мұндай жағдайда үлкен мәселені бірнеше нақты міндетке бөліп қарастырған пайдалы.

Егер отбасы қаржылық қиындықтарға тап болса, алғашқы қадам кірістер мен шығыстарды талдау болуы мүмкін. Одан кейін ең маңызды қаржылық міндеттемелерді анықтап, қосымша табыс табу немесе қолжетімді әлеуметтік қолдау шараларын қарастыру қажет.

Ал егер басты мәселе отбасылық жанжалдар болса, өзара қарым-қатынас ережелерін келісіп алған дұрыс: бір-бірін қорламау, балалардың көзінше ұрыспау және эмоция күшейген кезде әңгімеге уақытша үзіліс жасау.

Тіпті шағын оң өзгерістердің өзі жағдайды бақылауға алуға болатынына деген сенімді қайтарады.

Қай кезде маманның көмегі қажет?

Отбасындағы барлық қиындықты өз бетінше шешу мүмкін бола бермейді. Егер жанжалдар жиілеп, эмоционалдық шиеленіс күшейсе, ал өзара келісуге жасалған әрекеттер нәтиже бермесе, кәсіби көмекке жүгінген дұрыс.

Психолог жанжалдардың себептерін түсінуге және тиімді қарым-қатынасты қалпына келтіруге көмектеседі. Заңгер құқықтық мәселелерді шешу жолдарын түсіндіреді. Әлеуметтік қызметкер отбасыға қандай мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді екенін айтып береді.

Егер отбасында зорлық-зомбылық, қорқыту немесе мәжбүрлеу жағдайлары болса, ең алдымен зардап шеккен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Мұндай жағдайда тараптарды татуластыру басты мақсат болмауы тиіс.

Көмек сұрау — әлсіздіктің белгісі емес, жағдайды жақсы жаққа өзгертуге бағытталған саналы шешім.

Ата-аналарды қолдау — балалардың болашағына салынған инвестиция

Отбасылық қарым-қатынасты түсіну, эмоцияларды басқару және сындарлы диалог жүргізу дағдылары әрдайым өздігінен қалыптаса бермейді. Оларды үйренуге болады және үйрену қажет.

Дәл осы құзыреттерді дамытуға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Senim Qogamy» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жанұя жолы» – «Путь семьи» («Ата-аналар академиясы») жобасы бағытталған.

Жоба аясында білім беру іс-шаралары, психологиялық тренингтер, вебинарлар және мамандардың консультациялары ұйымдастырылады. Ата-аналар бала тәрбиесі, отбасылық жанжалдарды шешу, қарым-қатынасты нығайту және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша практикалық білім алады.

ataana.kz платформасында ата-аналарға арналған пайдалы ақпараттық материалдар ұсынылған. Сондай-ақ психологиялық, құқықтық, медициналық мәселелер және балалар қауіпсіздігі бойынша мамандардан кеңес алуға мүмкіндік бар.

Отбасылық әл-ауқат дегеніміз — ешқашан қиындыққа тап болмау емес. Ең маңыздысы — жақын адамдардың бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара сыйластықты сақтап, мәселенің шешімін бірге іздей білуі.

Мықты отбасы — қиындық көрмейтін отбасы емес, қиындық туындағанда ешкімді жалғыз қалдырмайтын отбасы.

Пікір қалдыру