Ай сайынғы жәрдемақы: Қазақстанда 1 шілдеден бастап маңызды жаңашылдық енгізіледі

1 шілдеден бастап Қазақстанда отбасылық орналастырудың жаңа түрі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді.

Оның айтуынша, елімізде кәсіби қабылдаушы отбасылар пайда болады. Мұндай отбасыларға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар орналастырылады. Осылайша балалар бірден интернаттық мекемелерді айналып өтіп, отбасылық ортаға түседі.

«Бұл — балалар үшін қауіпсіз отбасылық жағдай қалыптастыруға бағытталған уақытша шара. Мұндай отбасылар бір мезгілде төрт балаға дейін қабылдай алады және әр балаға жеке көңіл бөледі», — деді вице-министр.

Кәсіби қабылдаушы отбасыларға келесі санаттағы балалар орналастырылады:
• жетім балалар;
• ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• қараусыз және қаңғыбас балалар;
• қатыгездік көрген балалар.

Барлық кандидаттар міндетті түрде психологиялық даярлықтан өтеді. Бұл дайындық балаларға арналған арнайы ұйымдарда және аккредиттелген мекемелерде жүргізіледі.

Кандидаттарды тағайындау туралы түпкілікті шешімді қорғаншылық органдары қабылдайды — ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкестігін ескере отырып.

«Әрбір кәсіби қабылдаушы тәрбиешіге әр бала үшін ай сайын жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар тәрбиешінің еңбегі де төленетін болады», — деп қосты Еділ Оспан.

Қазіргі таңда Қазақстанда отбасылық орналастырудың төрт түрі бар: бала асырап алу, қорғаншылық, патронат және қабылдаушы отбасы.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айында Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден балалар үйлеріне бөлінетін қаражатты қабылдаушы және патронаттық отбасыларға бағыттау қажеттігін айтқан болатын. Сол жылдың қазан айында Мәжілісте балалардың құқықтарын қорғауға қатысты заң жобасы таныстырылып, онда «кәсіби қабылдаушы отбасы» ұғымы енгізілді. Сол кезде Еділ Оспан әр балаға мемлекет тарапынан 10 АЕК (сол кезде 34 500 теңге) төленетінін мәлімдеген. Бұл сома депутаттар арасында талқылау тудырған еді, өйткені ол Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болды.

Пікір қалдыру