Балаға қатынасу құқығына қатысты туыстар арасындағы дауларды қорғаншылық органдары шешеді
Балаға қатынасуға байланысты дауларды — баладан бөлек тұратын ата-ана, сондай-ақ ата-әжелер, аға-інілер мен әпке-сіңлілер арасында туындаған жағдайларда — баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын орган қарайды, делінген бұйрықта.
Дауды қарау үшін баладан бөлек тұратын ата-ана, ата-әжелер, аға-інілер мен әпке-сіңлілер (өтініш беруші) қорғаншылық органына келесі құжаттарды қоса тіркеп өтініш береді:
• өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі;
• наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрмағаны туралы анықтама;
• соттылығының бар-жоғы туралы анықтама;
• тұрғын үйге меншік құқығын немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттардың көшірмесі.
Дау өтініш берушінің және бала бірге тұратын ата-ананың қатысуымен қаралады. Сондай-ақ 10 жасқа толған баланың өтініш берушімен қарым-қатынас жасау шарттары туралы пікірі ескеріледі. Бала тұратын ата-ананың, өтініш берушінің пікірлері, 10 жасқа толған баланың көзқарасы және қажет болған жағдайда тұрмыстық жағдайларды тексеру нәтижелері негізінде қорғаншылық органы шешім қабылдайды.

