Астанада отбасын қолдау және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті

15 мамыр күні Астанада «Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму» халықаралық форумы өтті. Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ден астам қатысушы — мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, Отбасын қолдау орталықтарының және азаматтық сектордың өкілдері қатысты.

Форумның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Эльвира Яушева, сондай-ақ ЮНФПА мен халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.

Снежанна Имашева өз сөзінде Қазақстанда отбасын қолдауға арналған қажетті жағдайлар қалыптасқанын — заңнамалық тетіктерден бастап қоғамдық бастамаларға дейін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі отбасылар мемлекет тарапынан кешенді қолдауды қажет ететін күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты.

Бүгінде елімізде 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар мемлекет, қоғам және отбасы арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналды. Тек 2025 жылдың өзінде орталықтарға 44,5 мыңнан астам өтініш түсіп, шамамен 20 мың отбасы психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек алған.

Форум аясында қатысушылар отбасылық саясатты дамыту, отбасы институтын нығайту, ата-аналарды қолдау және отбасылық дағдарыстардың алдын алу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар үздік әлеуметтік тәжірибелер мен жобалар, оның ішінде Senim Qogamy қоғамдық қорының «Ата-аналар академиясы» жобасы таныстырылды.

Пікір қалдыру