«Отбасына қолайлы жұмыс орны» бастамасы Астана қаласында талқыланды

Астана қаласында ұйымдарда отбасы мен ата-аналықты қолдайтын жағдайлар қалыптастыруға бағытталған «Отбасына қолайлы жұмыс орны» саясатын енгізу бойынша жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараның бастамашылары — Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Senim Qogamy қоғамдық қоры.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістер болды, олар еңбек кепілдіктері мәселелерін қамтып, Еңбек кодексінің ережелерін жетілдіруге бағытталған. Қатысушылар әділ еңбек қағидаттарын, демалу құқығын, әлеуметтік қорғауды және отбасын қолдауды конституциялық деңгейде бекіту жұмыс орындарында отбасына қолайлы тәжірибелерді енгізуге берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Атап айтқанда, кездесуде Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижелері ұсынылды. Оған сәйкес:

– жұмыс істейтін ата-аналардың 60%-дан астамы кей жағдайда кеңседе болмау қажеттілігі туындағанда жұмыс беруші тарапынан түсінбеушілікке тап болады;

– сауалнамаға қатысқандардың 51,1%-ы балаларын қараусыз қалдырмау мүмкіндігінің жоқтығымен жиі бетпе-бет келетінін атап өтті;

– 66%-ы жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүруге арналған мемлекеттік қолдау шаралары (демалыс, жәрдемақы және т.б.) жеткіліксіз деп санайды. Қатысушылар отбасына қолайлы саясатты тиімді іске асыру тек мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтық сектордың күш-жігерін біріктіру арқылы мүмкін екенін атап өтті.

Пікір қалдыру