Полиция Қазақстандағы алаяқтың жаңа тәсілдері туралы ескертті

Тұрғын үй кезегі адал азаматтарды алдап ақша табуды көздейтін адамдардың назарына ілікті. Құқық қорғау органдары жылжымайтын мүлікті ресімдеу немесе кезекте тұрғандардың тізіміне енгізу үшін құжаттарды тапсыру үдерісімен байланысты алаяқтық жағдайларының көбейгенін атап өтуде, деп хабарлайды http://Polisia.kz.

 Көбіне алаяқтар WhatsApp немесе басқа мессенджерлер арқылы құрбандарын тауып, «тұрғын үй кезегіңіз келді» немесе «пәтер кілтін алу үшін шұғыл ресімдеу қажет» деген хабарламалар жібереді. Ал хабарламаға жауап бергендерден жеке деректерін сұрай бастайды немесе ақша аударуды талап етеді. Қаскөйлер өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды жаңылыстырады.

 Қазақстандықтар мессенджерлер арқылы тұрғын үйге қатысты құжаттар ешқашан ресімделмейтінін және пәтер кілті берілмейтінін есте сақтауы тиіс.

 «Тұрғын үй алу үдерісі тек ресми түрде жүзеге асырылады. Егер сіз күдікті хабарлама немесе қоңырау алсаңыз – дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз», – деп полицияда атап өтті.

Қауіпсіздік шаралары: Күдікті қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеңіз, жеке деректеріңізді (ЖСН, карта нөмірі, кодтар) ешкімге бермеңіз, белгісіз шоттарға ақша аудармаңыз, ақпаратты тек ресми дерекөздер арқылы тексеріңіз.

Пікір қалдыру