«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау 2029 жылға дейін жоспарланып отыр — ҚР МӘМ
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурстық өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 21 маусымына дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде хабарлады.
Спикер бұл грант жыл сайын алты бағыт бойынша: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік» бойынша берілетінін еске салды. Әрбір жеңімпаз өз жобасын іске асыруға үш миллион теңге алады.
Конкурстың негізгі мақсаты – практикалық маңызы бар және одан әрі даму әлеуеті зор жобаларды ұсынуға және іске асыруға дайын талантты, бастамашыл жастарды анықтау және қолдау. Осы уақытқа дейін ғылым мен цифрлық технологиялардан бастап мәдениет пен қоғамдық бастамаларға дейінгі түрлі салалардағы жастардың 153 жобасы грантқа ие болды.
«Конкурс қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 30 жасқа үш миллион теңге көлемінде грант беріледі. Конкурс туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан білуге болады. Сонымен қатар, 2026 жылы өңірлерде 215 миллион теңге сомасына 184 өңірлік грант беру көзделген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде грант беру 2029 жылға дейін жоспарланып отырғанын хабарлаймыз. Биыл да грант жаңа есімдерді ашып, перспективалы жастар бастамалары үшін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Қ. Қамбаров.
Комитет төрағасы өтінімдерді берудің арнайы Google-форма арқылы электрондық форматта жүзеге асырылатынын, оған сілтеме Министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында қолжетімді болатынын хабарлады. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 21 маусымына дейін жалғасады. Қатысушылар форманы толтырып, барлық талап етілетін құжаттарды тіркеуі қажет.

